Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 7 страница




«Кодекстегі» жұмбақтарға үңілгенде ертеден-ақ қыпшақтардың ойлау жүйесінің өте жақсы дамығанын аңдау қиынға соқпайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірелік:

 

  Сенде, менде йоқ, Сеңгір тавда йоқ, Ұтлу ташда йоқ, Қыпчақта йоқ. Аудармасы: Сенде, менде жоқ, Сеңгір тауда жоқ, Өте берік таста жоқ, Қыпшақта жоқ (Құстың сүті).

 

Жұмбақта жасырылып отырған заттың нақты белгісі, не қасиеті көрінбейді, мұнда осы жанрда жиі кездесетін пародокс тәсілі қолданылып тұр. Бұл жұмбақ қиыннан қиысқан ой-қиялдың, терең көркемдік ассоциацияның жемісі.

«Кодекс куманикус» мысалдары XI ғасырда түркілерде жұмбақтың табу мен магиядан бөлектеніп, өзіне тән көркемдік-поэтикалық құралдарын белгілеп, әдеби сипаты бар жанрға айналып үлгергенін куәландырады.

Жұмбақтың айтылатын жері – көбіне ойын-сауық үсті, той-думан, ол шілдехана кезінде көңіл көтерудің, сейілдеудің құралы болған. Бұрын магиялық, ғұрыптық-діни нанымды білдірсе, кейін мұндай сипатынан айрылған. Академик Әлкей Марғұланның жазуына қарағанда ертеректе жұмбақты қарт кісілер айтатын да, шешуін жастар табатын.

Халқымызда жұмбақ жарысы кезінде қазылық етіп, әділ билік ету үшін қазы, төреші белгілеу тәртібі де болған. Ел аузынан жиналған мәліметтер бойынша ойын төрешісі қарсылас топтардың қанша жұмбақ шешкенін, қаншасы шешілмей қалғанын қадағалап отырғанын білдік. Төреші бәсеке соңында қайсы топтың қанша ұпай жинағанын есептеп, соған сәйкес жеңімпаз топты айқындаған. Ел ішінде жұмбақ жарыс ойын түрінде өтетіні белгілі. Мұндай жарыстың өтуі былай: жұмбаққа жұмбақпен жауап береді. Егер біреуінің жұмбағы шешілмесе, қарсы жағы да жұмбақ айтады, егер айтатын жұмбағы болмаса, екінші жағы «сатам» дейді.

Көп ырғасудан соң жеңілген топтың адамдарын «сату-саудаға салып», күлкі-әжуалауға ойысады. Жеңімпаз топтың бір адамы:

– Сатам, – дейді

Екінші адам:

– Нені сатасың? – деп, қарсы сұрақ қояды.

– Қадірбектікін (жеңілген жақтың адамының аты) сатам.

– Несін саттың?

– Қазандай болған басын (оның басы үлкен болған соң әдейі айтып
отыр).

– Алдым.

– Оны қайтесің?

– Мына Ақадыр шетіне қарақшы етіп қоямын. Осындай жауаптан соң жұрт қыран-топан күлкіге батады.

– Шоқайдың қарнын сатам (Шоқай – жеңілген топтың адамы, оның
қарны үлкен болғандығы үшін әдейі тілге тиек болады).

Үшінші адам:

– Алдым. Оны итаяқ қылмақпын, – дейді.

– Тортайдың салпы аузын сатам.

– Алдым.

– Оны не қыласың?

– Ұлытып, айқайлатып қоямын.

Осылайша жеңілген жақ адамдарының дене мүшелеріндегі, киім киістеріндегі кемістіктер келемежке айналады. Ойынды төрешінің мына сөзі тоқтатады:

– Болды. Енді сататын ештеңе қалмады, жаңадан бастаймыз»[521].

Айтылмыш диалог қатысушы адамдардың шешендік өнеріне, мінез-құлқына сәйкес әртүрде өрбуі мүмкін. «Жұмбақ таба алмағанның көзін сатам – түнде қарауыл қаратам; қолын сатам – жүн түттірем; мұрнын сатам – нәжіс иіскеттірем деп, т.б. адам мүшелері аталып, күлкі-мазақ үшін қолданылады»[522].

Жұмбақты дұрыс шешпеген кісілерді көпшілік күлкіге айналдыра отырып, намысына тиіп, қалайда сайысқа даяр болуға, есесін жібермеуге үйретеді. Қиын-қыстау жерде абыржып, ыңғайсыз жағдайларға түсіп қалмау үшін, тәлкекке ұшырамас үшін жұмбақтың образдық өрнегіне, айтар тұспалына ойлы көзбен қарауға, тапқырлық пен сергектік танытуды жүктейді.

Демек, жұмбақ жарысы басталуы, шиеленісуі, шешілуі бар драмалық сипатты ойын іспеттес. Оның композициясына зер салсақ, басталуы – топқа бөлініп, төреші сайлау, қызған шағы – жұмбақ шешу, соңы – жеңілген жақты әжуаға айналдыратын бөліктерден тұратын қалыпты құрылымы бар екені байқалады.

Қарақалпақтарда жұмбақты қыз-жігіт болып бөлініп жарысып, оған төрелік жасаушы – жасы үлкен адамдар, жұмбақты жақсы шешкендер төрешілер тарапынан марапатталса, оны шеше алмағандар қырық қасық су ішу, маңдайынан, ұртынан шерткізу, жолдастарын үйіне шақырып, қонақ ету тәрізді «жазалар» түрін өтеген. Алтайлықтар жаза ретінде қызды – шалға, бозбаланы кемпірге «сататын» болған.

Өзбектерде жұмбақты таба алмаса, жасырушы «жаза» ретінде шаһар не «қорған» беруін сұрайды. Таппаған кісінің шаһар беремін деген сөзінен кейін ғана жұмбақ жауабы, жасырылған заттың аты айтылады. Яки туған қаласын беру – жеңілгендігін мойындау, бас ию деген сөз, бұл жазаланудың ауыр түрі.

Қарашайлар жұмбақты «ел берген джомаклар» деп атайды, бұл сөздің шығуына көне ғұрып себеп болған. Жасырғанын таба алмаған адамнан «ел беруін» сұрайды.

Осылайша өзбек, қарашай, түрік, түркімен халықтарының этнографиялық деректері «ел беру, шаһар беру» ғұрпының болуы ежелгі түркі тектес жұрттар арасында кең таралғанын айғақтайды.

Өзбектерде бұрынғы үлкендердің «жұмбақ ойыны» балалар репертуарына қарай ойысқан. Әуелде ересектер жұмбақ жасырысып, сүрінгені шаһарын берсе, қазір осы ойынды көшеде балалар қайталап, «жаза» ретінде Отанын беріп, «құтылатын болды».

Сонымен түркі халықтарындағы жұмбақ шешімі «құнының» өзгеруін ру – ел – қорған – шаһар – мемлекет – Отан күйінде өзгеріп отырғаны байқалады. Қазақта жұмбақтан жеңілген «тай берумен» құтылған, бұның өзі малшылық кәсіппен байланысты[523].

Жұмбақ айтыстарында да жұмбақтан жеңілген адамның «сый тарту» үрдісі өзгеріске ұшыраған. Жүсіпбек қожа өзінің Шөкей қызбен айтысының немен аяқталғанын түсіндіргенде:

 

Қыз тұрып, жан қалтаға қолын салды,

Суырып тоғыз қабат күмісті қыз берген соң,

Өлеңі екеуінің тәмамдалды, –

 

деп, қыздың жеңілістен соң өтеу төлегенін мәлімдейді[524]. Әсет қарсыласы Ырысжанға «омырауындағы қос түймеңді ұстат» дегенде ақын қыз:

 

Түймемді ебін тапсаң, ұстар едің,

Санаулы төрт-ақ жұмбақ бағасы бар[525], –

 

деп, жауап қатады.

Өзінің төрт жұмбағын тапқаннан кейін Ырысжан оған торғын орамалға жүзік түйіп, тарту беріп, жөн-жоралғысын жасаған.

Жұмбақты шеше алмағандарды «жазалау» ғұрпының ескіден келе жатқанын Гавай аралында жұмбақты таппағандардың сүйегін отқа жандырмай сақтауы дәлел бола алады. Ал Үндістанда суға батыру ғұрпының болғаны туралы этнографиялық мәліметтер дәлелдейді[526].

Мұндай үрдістер адамдардың жұмбақты киелі, қасиетті санаған байырғы дәуірлердегі түсінігінен пайда болған.

Зерттеу барысында жұмбақ айтуға тек бір адам ғана емес, топ, ұжым болып араласатынын аңдауға болады. Ғұрыптың ойындық бағыт алуы, екі топқа бөлінуі, төреші тағайындалу, жеңілгендерді сөзбен жазаға тарту – мұның бәрі сахналық көріністі елестетеді. Диалог арқылы адамдардың кемшіліктері сыналады, жұртшылықты еріксіз күлдіреді, бұл да халықтық юмордың, драманың сипатын білдіреді. Жұмбақ тек әдеби сипатта ғана емес, ойындық, театрлық өрнекпен астасып, күрделі синкреттік жанрлық қасиетті иеленеді.

Қазақтың ескіден желі тартатын жарасымды дәстүрлерінің бірі – жар таңдап, күйеуге шықпақшы болған қыздар болашақ ерінің ақыл-ойын, парасатын, күш-қайратын сынауы. Мұндай дәстүр төл эпостық жырларымызда, ертегі, аңыздарымызда бейнеленеді. Сондай сынның бірі – жұмбақ түрінде де өткен.

Мұндай әдет-ғұрыптардың әріден бастау алатындығына Дж. Фрэзердің алуан халықтардың қадым өмірлерінен келтірген этнографиялық айғақтары дәлел. Бұған қарағанда ежелгі дәуірлерде күйеу басқа, жат елдің адамы болса да патша тағына мұрагер бола алатын мүмкіндік болған. Сондықтан болашақ тақ иесі – күйеу жігіттің жеке басының қасиеттері жоғары болуы керек, қатаң сыннан мүдірмей өткен адам патша қызына үйлене алған[527]. В.Я. Пропптың келтірген топшылаулары бойынша ертектердегі «қиын сын» мен үйлену және билікке қол жеткізу ғұрпын бір-бірінен ажыратып алу қиын[528]. Күйеу баланы құдалық үстінде жұмбақпен сынау карел халқының «Келіншектің жұмбақтары» ертегісінде көрініс тапқан[529]. Біз келтіріп отырған ертегілік сарын (мотив) көне дәуірлердің жоралғысын елестетеді. И.И. Колесницкая дүниежүзі халықтарының ертегілерінің сюжеттік құрамында жұмбақтың үлкен орны бар екендігін, ертек кейіпкерлерінің ақыл-ойы емеурінді сөздермен және жұмбақтың көмегімен сынға алынатындығын, бұндай сарынның тарихи шындықпен байланысы хақында ой өрбітеді[530]. Ғалымның ойынша, бұл сарын қоғам дамуының байырғы уақыттарындағы ырым-кәделерінен туындаған, бұрын кәмелетке толған жігіттерді үйленер алдында осылайша «сынақтан» өткізген, мұндай байқауға патша мұрагерлері де түскен.

Көне дәуірлерде жұмбақты шешкен адамды күшті, дана адам санатына кіргізіп, оны бақыт күтсе, шешімін таппаған адамды өлім күтіп тұр деп есептеген. Ертегілерде бейнелегендей, жұмбақ шешкенді патша «сайлап», шешпегендерді «өлтіріп» тастап отырғаны да сондықтан.

Әу баста өнер діни, дүниетанымдық түсініктермен бірлікте туған (идеологиялық синкретизм), сонымен қатар діни магиялық практикадан (формальды синкретизм) іргесін бөлектеп үлгермеген еді. Егер көне дәуірлерде өнерде утилитарлық, практикалық функция басым болса, кейін эстетикалық қызметі күшейді. Ықылым заманда пайда болған жұмбақ жөнінде де осы тұжырымды айтар едік. Бағзы дәуірлердегі наным-сеніммен байланысты өрбіген жұмбақтың уақыт өте келе қоғамдағы мән-мағынасы өзгерген.

Сонымен ұзақ даму жолындағы жұмбақтың қоғамдық қызметіне тарихи тұрғыдан:

1. Магиялық қызмет;

2. Тұрмыстық қызмет;

3. Эстетикалық қызмет;

4. Педагогикалық, танымдық қызмет деп, өзгеру барысын бақылауға болады.

Алайда, көне кезеңдерде тек магиялық қызмет атқарды деп біржақты түйіндеуге болмайды. Дамудың әртүрлі сатысында тұрған халықтар материалдары ертеден-ақ жұмбақтың педагогикалық қызметі болғандығын аңғартады. Бірақ алғашқы қауымдық құрылыс кезінде магиялық қызметі басымырақ түсті.

Қазақ халқы жұмбақты адамдардың білім парқын, парасатын байқататын үлкен өнер деп есептейді. Сондықтан жар таңдаған қыздар, ақындар ғана емес, ел ішіндегі шешен, би, тағы басқа данагөй, қадірменді адамдардың бір-біріне жұмбақ жолдап, ақыл-ой сынасып, білім жарыстырып, таным салыстыратын да жарасымды өнегесі болған.

Жұмбақтың болмысында бірнеше дәуірге тән ойлау мен көркемдеудің қат-қабат сатылары бар. Ұзақ даму жолын бастан кешіп келген жанрдың өзгеру сатыларын тыйым жұмбақ; ертегі жұмбақ; ойын жұмбақ; таза жұмбақ; айтыс жұмбақ; әдеби жұмбақ деп жүйелеуге болады.

Жұмбақтың поэтикалық болмысы екі бағытта – өлеңдік-ырғақтық жүйе мен образдық бейнелеу тәсілдері арқылы танылады.

Жұмбақтың төл бойында оның осы екі қыры шебер жымдасып, бір жұдырықтай жұмылып, мазмұнды көркемдік-эстетикалық тұрғыдан уытты етуде бірін-бірі толықтырады.

Аталған жанрда белгілі бір өлеңдік қалып сақталмайды. Оның ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан түрлі өрнектеледі. Олардың ішінде төрт аяғын тең басқан өлең түріндегі үлгілермен қатар қарапайым қара сөзбен келетіндері аз емес. Жұмбақ жанрына тән басты ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жағынан жұп-жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділігі. Жұмбақтың синтаксисі де осымен байланысты, бөлек-салақ ештеңе байқалмайды. Ол көбіне қысқа, жақты сөйлемдерден етек-жеңі жинақы пішіледі. Архитектоникасы түйінді, ықшам болуына қарамастан құрылымдық бітімі әр алуан болады. Кейде образбен өрілген кішкене ғана ұғымды білдіретін сөйлем не сөз тіркесі түрінде кездеседі. Осы жағынан алып қарағанда мақал-мәтелге қатты ұқсайды. Академик Зәки Ахметовтің:

«Мақал-мәтел де басқа поэтикалық формалардың үлгілері тәрізді кейде шағын сөйлемдерден тұрады. Мұндай жағдайда ол қарапайым ғана ырғақты-құрылымдық түрге иеленеді, әдетте, аяқталған ырғақтық түрге иеленбесе де, түрлі дыбыстық қайталаулар арқылы бірігеді»[531], – деген пікірінің жұмбаққа да қатысы бар. Жұмбақтың жоғарыда бір ғана жолдан да тұратындығы белгілі. Мысалы:

1. Үйдің іші толған мыс кене (Керегенің көзі).

2. Қырық қой қырқылдақтан су ішіп жатыр (Уық, шаңырақ).

3. Таудан тас құлады (Көздің жасы).

4. Үй айнала қан төктім (Басқұр).

5. Бір ұяда – жеті жұмыртқа (Апта).

Бұл мысалдар – синтаксистік тұрғыдан қарағанда жай сөйлем үлгілері. Біреулері толымды болса, екіншілерінің бастауыш, баяндауышы түсіріліп, толымсыз сөйлемге айналған. Жұмбақ – үнемшіл, басы артық, орынсыз тұрған сөзді көтермейді.

Задында, жұмбақ шумақтарында қатып қалған тәртіп жоқ. Кейде екі жолды қысқа қайырыммен шектелсе, бірде кең сілтеп, ерікті өлең боп, бой көрсетеді. Ерікті өлеңдегі тармақтар ұзынды-қысқалы, алуан көлемде, ұйқасы құбылып отырады.

Жұмбақтың көркемдігі жайында сөз қозғаған ғалымдардың дені оның ең басты поэтикалық құралы ауыстыру /метафора/ деп түйеді. Осыған орайлас пікірді ежелгі дүние философы Аристотельдің әйгілі еңбегі – «Поэтикадан» оқимыз[532]. Сонымен бірге орыс фольклорының көркемдік қасиетін зерттеуші С.Г.Лазутиннің былай деуінде де үлкен мағына бар:

«Ауыстыру жұмбақтың мазмұны мен түр ерекшелігін сипаттайды, оның негізінде стилистикалық және композициялық құрылым жатыр, сонымен бірге шындықты көркем бейнелеудің творчестволық принципін айқындайды. Ауыстыруды түсіну – жұмбақты түсіну, оның мәнін, жанрлық ерекшелігін айқындаумен бара-бар»[533].

Осы жағынан алғанда ол теңеуге ұқсас, алайда, теңеуде қарастырған нәрсе тепе-тең күйінде бейнеленіп, теңелетін нәрсемен теңейтін нәрсе қабаттаса жүрсе, ал, ауыстыруда оның сипаттап отырған заты кейде көрінбей тұруы мүмкін. Бірақ оны ой-сезім арқылы аңғарамыз. Ол поэзияда ойды бейнелі, кестелі түрде жеткізудің әдісі ретінде жұмсалады. Өлең ішінде ауыстыру образды айшықтай түсуге көмектессе, жұмбақта негізінен, астарлы бүкпелі ойды тұспалдап көрсетуге жәрдемдеседі. Сондықтан ауыстыруды табу – жұмбақты табумен тепе-тең. Мұнда меңзеліп, астарлап жеткізе алатындай нысанамен салыстырылады.

Жұмбақ байламының бөлек, оқшау тұратын, оның өзіне ғана тән, өзгелерде қайталанбас қасиетін тайға таңба басқандай етіп ұсыну ауыстыруға тәуелді. Ауыстыру құбылысты даралап, оның басқа құбылыстарда жоқ белгісін көрсетуі қажет. Егер осы шарт орындалмай, байламының елеулі жақтарын дәл, айқын суреттемесе, жұмбақ шешімі де екіұшты, бірнешеу болары сөзсіз. Ауыстыру тұспал бейнені көркем образ түрінде жеткізу мүддесіне бағындырылады. Сондықтан ауыстыру жұмбақтың ауқымды, жетекші тәсілі ретінде талданып, оның бейнелілігі, ұтымдылығы, тосындығы егжей-тегжейлі сарапталғанда ғана жанрлық табиғаты ашылмақ.

Жұмбақта тұспал дап-дайын, ап-айқын күйінде көрінбей, емеурінмен елес береді. Міне, ауыстырудың дәнекерлік қызметі осы тұста. Ауыстыру арқылы байламның сыңар бейнесі сомдалады, оның бейнесі басқа құбылысқа көшіріледі. Яки ол тұспал мен байламның арасын байланыстыратын «көпір» тәрізді міндет атқарады. Ауыстыруға түсер салмақ-тұспал заттың ішкі не сыртқы қасиетін тыңдарман құлағына жеткізу, көзіне елестету.

Ауыстыруға арқау болған сөздер жай ғана алына салынған баламалар емес, өмірден алынған нақтылы әсерлер, тәжірибелерге сүйеніп, екі нәрсе, құбылыстардың ұқсастығын айқын аңдап, байқаудың нәтижесінде дүниеге келген.

Жұмбақтың тілдік өрнектерінде халықтың тарихи-қоғамдық өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі өзгешеліктерді танытатын, солардан туындаған нақыш-өрнектер, ауыстырулар өте мол. Көбіне көзбен көріп, қолмен ұсталған, тұтылған заттар ауыстыруларға желі болады.

Ауыстырудың өрісі кең, мүмкіндігінде шек жоқ. Айналадағы құбылыстар қаншалықты ұланғайыр болса, алмастырылар нәрселердің ықтималдығы соншалықты ауқымды. Ауыстыру жолымен бір-біріне кереғар, алшақ заттар бір-бірімен түйіседі, шалғай нәрселер тоғысады, тегі басқа, тірлігі бөлек құбылыстар шебер жанасады. Адамның образдық ойының кұдіреттілігі сол күнделікті өмірде бір-біріне жуыспайтын заттар арасынан жалғастық, ұқсастық табады.

М.Әуезов былай деп жазған еді: «...табиғат көріністерін адамның өз тіршілігіндегі туысқандық, қандастық жігімен салыстыру да кездеседі. Ондайда әке мен бала, шеше мен қыз, аға мен қарындас, ұл мен қыз деген сияқты егіз екі жайлар қосарланып жүреді»[534]. Ғалымның бұл пікірі:

 

Төрт кісі төсек сал дейді,

Екі кісі қарауыл қарайды.

Үлкен әйел есік аш дейді,

Кіші әйел төмпештейді

(Түйе, оның төрт аяғы, екі өркеші, құмалақ тастағаны).

 

Екі ағайынды,

Екеуі де бір үйде,

Бірін-бірі көрмейді (Көз).

 

Әкесі баласын көтеріп,

Баласы бөркін көтеріп тұр (Кереге, уық, шаңырақ).

 

Шешесі үйде қалады,

Баласы кісіге ереді (Құлып, кілт).

деген жолдарға байланысты айтылған тәрізді.

Кейбір поэтикалық суреттемелердің байырғы дәуірлерден желі тартатын наным-сеніммен ұштасып жататынына тоқтала кету абзал.

 

Қарындасы қонаға,

Ағасын іздеп келгенде,

Ағасы қашып кетеді,

Үйден шығып бір жерге.

 

Мұндағы күн мен айды ағалы-қарындасты етіп бейнелеу тегіннен-тегін алына салынған емес, ол – ежелгі мифологиялық сенімнің елесі.

Сөзімізге дәлел ретінде ел аузында сақталған көне мифтік маңызды келтірелік:

«Бұрынғы бір уақытта бір байдың Ай атты қызы мен Күн атты ұлы болыпты. Екеуі де ақылды да, парасатты болыпты. Жастайынан шешелері өліп қалған екен. Балалардың өгей шешесі болады. Өгей шеше бай балаларына күн көрсетпейді, отырса – опақ, тұрса – сопақ ететін. Қыз бен бала күнде ауыл сыртына шығып, қуыспақ ойнағанда да қарғап-сілеп тыным бермейтін болыпты. Мұны байқаған Алла тағала Күн мен Айды ұшырып жібереді. Міне, содан бері қанша уақыт өтсе де, Ай мен Күн жасырынбақ ойнап келеді. Ай барда – Күн жоқ. Күн барда – Ай жоқ»[535]. Тағы бір қазақ мифін Ай мен Күннің екеуі де бұрын бір байдың қызы болып, Айсұлудың аспанға қашып кетуі Күнсұлудың қызғанышпен бетін тырнап, содан ұялуы деп түсіндіреді[536].

Осыған үндес мифтердің әлем халықтарының көпшілігінде бар екенін нақты мысалдарды көлденең тарта отырып, С.Қасқабасов былайша ой қорытады:

«Адамдардың аспанға көтеріліп кетуі олардың ерекшелігінен ғана емес, сондай-ақ олардың кінәлі болғандығынан. Көне мифтің бәрінде дерлік Ай мен Күн бұрын адам болған делінеді, олардың аспанға көтеріліп кетуі – әр себепті. Бірде олар жер бетіндегі ең күшті шамандар болғандықтан көкке көтерілсе, енді бірде араздасып, бірін-бірі қуып, аспанға шығады. Тағы бірде Ай мен Күн жерде кінәлі болып, жазадан қашады немесе ұятты болып, елден безеді»[537].

Осыдан ежелден-ақ халықтың ой-санасында орныққан ұғымның жұмбақтағы көркемдік кестеге айналғанына көзіміз жетеді.

«Алғашқы қауымға тән рух – иелік мифологияда аспандағы Күн мен Ай, Үркер, Жетіқарақшы, Шолпан тәрізді жұлдыздар көкке көтеріліп, аспанда орнығып қалған адамдар екен. Олар жердегі кезінде алуан түрлі іс-әрекет істеп, ел алдында кінәлі болғандықтан немесе қауіптен қашқандықтан аспанды паналайды, кейпін өзгертеді. Соған қарамастан жұлдыздар адам қауымы сияқты өмір сүреді: өзара ұрысып, араздасып жүреді, я болмаса ғашық болады, үйленісіп, балалы болады. Қысқарта айтқанда, адам өз өмірін аспанға көшіріп, аспан шырақтарын өзінше танып-біледі»[538].

Қазақтың ескі космонологиялық мифінде Жетіқарақшы баукеспе ұры болыпты. Халық соңына түскен соң, қылмысы басынан асқан жеті ұл аспанға қашып шыққан. Екі жарық жұлдыз – Ақбозат пен Көкбозат – батырлардың аты. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Аттарды аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректе айналып жүреді. Сөйтіп жүргенде таң атып кетеді. Міне, осы миф жұмбақ тілімен былай кестеленеді:

 

Байладым бір қазыққа екі жылқы,

Жеті жігіт ала алмай, болды күлкі.

Жетеуі бір қызбенен ғашық болып,




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 800; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.087 сек.