Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Алдарында тізілген 4 страница




1916 жылғы көтеріліске байланысты туған өлең-жырларда әдебиетімізге сан алуан поэтикалық ерекшеліктер әкелген жаңа үлгідегі туындылар қосылумен қатар фольклорлық үлгілердің негізге алынғандары да атап өтерлік жағдай. Бұлардан біз көтерілістің жай-күйін, сол дәуірдегі ел тұрмысы мен халық қаһармандарының ерлігін анық аңғарамыз. Ол жырлардың бір тобы көтеріліс күшпен басылған кездегі халықтың басындағы қайғы-қасіретті бейнелесе, екінші бір тобы көтеріліс басшыларының сот процесі кезіндегі қайсарлығын дәріптейді.

§ 2. Жұмысшылар фольклоры

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстанда өндіріс орындары ашылып, жұмысшылар тобы құрыла бастады. Алайда, босқан елдің өндіріске орналаса қоюы да оңай болмаған. Бұл жағдай жұмысшылардың сол кездегі өлең, әңгімелерінен айқын көрінеді. Мәселен, 16-17 жасынан бастап Екібастұз өндірісінде жұмыс істеген қарт жұмысшы Жақыбай Мұқашев өз өмірі туралы естелігінде ауылдан өндіріске келген жұмысшылардың ауыр халін:

 

Келдік біз Ерейменнің даласынан,

Қашқан көп ағайынның жаласынан.

Қамалды Екібасқа барша халық

Ағылған Ертіс, Баян саласынан.

Жазылар күн болар ма біз сорлыға,

Денеге салған тұрмыс жарасынан?...[1142] –

 

деп елестетеді. Осы өлеңнің Қарағанды, Ақмола маңындағы елдерден жазылып алынған «Біз келдік Қараөткелдің қаласынан» деп басталатын үш шумақты бір нұсқасында:

 

Келіп ек Екібасқа іздеп пайда,

Жатырмыз мекен етіп әрбір сайда.

Күніміз өтіп жатыр жылауменен

Боламыз болашақта қандай жайда?[1143] –

 

деп, қыс қаһарына іліккелі отырған баспанасыз, жұмыссыз, қорғансыз қалып күйзелген халықтың күйсіз тіршілігі баяндалады. Бұндай өлеңдердің бірнеше нұсқалары болуына қарағанда өлең сол кезде ауыл кедейлерінің арасына кең тараған сияқты. Кезінде Қарағанды маңындағы ел айтып жүрген «Боздақтың Қарабақсы бел баласы» деген бір өлеңде Нілді жерінен айрылған жергілікті халықтың аянышты халі, наразылығы баяндалады.

 

Боздақтың Қарабақсы бел баласы,

Ашылды кесірінен ел арасы.

Төренің сарыала шен меншігіне

Нілдінің айналды ғой кең даласы.

 

Бұдан былай Нілді жерін «өз жерім, өз мекенім» деп айтудан қалған күйзелген халық осы өлеңнің соңғы шумағында:

 

Өткен жан бауырында көзі жасты

Қамкөңіл қапаланып, қайғы басты.

Қолында қашау, күрек, балғасы бар

Қопарып құлатады тау мен тасты[1144], –

 

деп барар жері, басар тауы қалмаған халықтың амалсыздан өндіріске келіп, жұмысқа түсе бастағаны айтылады.

Жұмысшылар арасына көп тараған «Кедейлік» деген өлеңде ауылдан безіп, көмір қазуға келгенімен қайыршылықтан құтыла алмаған жігіт жайы айтылады:

 

Табарым тәулігіне отыз тиын.

Жоқшылық жас адамға қандай қиын.

Жасқантып, шоқпыт киім ұялтады

Бір жерде ел жиылған болса жиын,

Не арзан, адам арзан, өлім арзан,

Береке таба алмай жүр көмір қазған.

Білмейміз қайда барып күн көруді,

Жоқшылық болып жүр «дос» Алла жазған[1145].

 

Қайда барса соңынан қалмаған жоқшылықты «жанашыр досына» теңеп, мысқылдайды. Бұл ауыл өмірінен безіп, өндіріске келген сол кездегі қазақ кедейлерінің көбіне тән жағдай еді.

«Әлімнің анасына жазған хаты» деген өлең де осы тақырыптас. Онда Әлім деген жігіт ауылда қалған анасына өлеңмен хат жазады. Өндірісте өтіп жатқан күндерінің күн емес, түн екендігін айтады.

 

Сүйектен суық өтеді

Шыңырау, зындан түбінде.

Тас аралас көмбе нан

Жейтін тамақ күнінде[1146], –

 

деп, ауыр тұрмыстың азабын тартқан жігіт ауылға оралуды ойлайды. Бірақ, ес білгеннен бастап ауыл байы Ағанастың жұмысын істеп, есігінде өмірін өткізсе де, арылмас артық шығын, мол борышты екендігін есіне алады.

 

Ақымды бер деп күжілдеп

Ауылға барсам Ағанас...[1147] –

 

деп, одан да қаймығады.

 

Қақабас отыр тағы да

Мұнда қалсам аямас...[1148]

 

деп қайырымсыз, қатал подрядші Қақабастан тағы қорқады. «Бұл, бұл заман, бұл заман» деген өлеңде «тас қазудан» татымды талшық таба алмаған жұмысшы:

Тас қазудан пайда жоқ.

Күн көрерлік мен бе енді

Қалған ешбір айла жоқ[1149], –

дейді.

Бұл жырларда ерте қалыптасқан басты тақырыптың бірі – жұмысшының ауыр тұрмысы мен еңбек мәселесі. Онда азапты ауыр еңбек жайы сөз болады. Бұл бұрынғы халық ауыз әдебиетінде кездеспеген «тар забой», «тар үңгір», шанаға жегілгендердің иығын тілген «қамыс иықша» сияқты өткендегі ұғым бөгде тың мағыналы сөздер арқылы беріледі. «Көртышқандай жер кеулеп» деген өлеңде:

Көртышқандай жер кеулеп,

Күнімен көмір қазамыз.

Қай кесек басып қалар деп

Қорқыныштан азамыз...[1150] –

 

делінсе, «Түсті, міне, қара дауыл, суық күз» деген өлеңде асты су, тар забойдағы шахтердің қиын халі көрінеді:

 

Бес сыпырып күнде маңдай терімді,

Қол шанамен тартып ылғи көмірді.

Тар үңгірде белден батып, саз кештім

Осы бейнет бүкірейткен белімді[1151], –

дейді.

Бұл сияқты өлеңдерде шахтерлердің 12-13 сағат сазды, сулы, тас- қараңғы қапаста көмір шабатыны, шабылған көмірді шанамен жаяу сүйреп бадьеге таситыны, оның үстіне көп бейнетқорлардың төбеден құлаған балшық астында қалып, қазаға ұшырап жататыны айқын көрсетіледі. Сондықтан да жұмысшы поэзиясында ағылшындар қожалық еткен шахталарды «лақатты көрге», «қабырға», «түнек-зынданға» теңейді:

 

Бұл күнде жұмыс қылдым жер астынан

Қараңғы еш жарықсыз көр астынан[1152].

 

Бұл жырлар еріккендіктен тумаған, күйзелуден шыққан көңіл зары еді. Сол себепті онда өмір шындығы әсіреленбей, шынайы түрде суреттелгенін байқаймыз. «Рахаты жоқ өмірде күшті сарқып сатамыз»[1153] деген бір өлеңде үнемі ажал төндірген шахталарда ұзақты күн жұмыс істегенде тапқаны тамағына да жетпейтін жұмысшының үй тұрмысы суреттеледі:

 

Бұлдыры жоқ көжеге

Малта езіп қатамыз

Күніне бір татамыз.

Іргесі – сыз, асты – тоң

Аядай жерде жатамыз[1154].

Сол сияқты «Сарымойнақ, басындың ба мені сен де?» деп басталатын бір өлеңде іргесі – сыз, асты – тоң жер кепенің болымсыз терезесымағы қарыннан істелгені айтылады. Қарт кеншілердің айтуынша, бұл өлеңнің тууына мына бір жағдай себеп болған. Революцияға дейінгі Қарағандыда бір жұмысшы шыны жоқ болғандықтан өз үйінің терезесіне қарын керіп қояды. Сақылдаған сары аяз. Шерияз деген саудагер подрядші байдың Сарымойнақ деген иті жаңағы үйді төңіректеп шықпайды. Терезедегі қарынды жұла тартып, қаша беретін болады. Бір күні ит иесі Шерияз бай әлгі жұмысшыны үйіне шақырып алып, қой сойғызады. Сол сәтті пайдаланып, әлгі жұмысшы Сарымойнақтың қарын терезені қайта-қайта жұлып әкете бергенін айтады. Байдан сойылған қойдың жас қарнын сұрайды. Сонда Шерияз: «Осы Сарымойнаққа арнап бір өлең айтып жіберсең, ала қой», – дейді. Сол жерде:

 

Сарымойнақ, басындың ба мені сен де,

Көрген соң жүргенімді ылғи кемде.

Тұрмысың менен сенің жақсы еді ғой

Сорпа-су, кемік-сүйек, ішіп-жемге.

Бір емес, екі жедің «әйнегімді»

Бардай-ақ бір керемет өшің менде.

Табады жас қарынды күнде қайдан

Қой түгіл ешкісі жоқ біздей бенде?[1155] –

 

деп, жұмысшы өз өмірінің ішіп-жемі мол бай итінен де кем екендігін өлеңге қосып, зілді күлкіге айналдыра сөйлейді. Өлең итке арнай айтылғанымен, сол кездегі әлеуметтік теңсіздіктің бетін ашады. Өлеңнің соңғы шумағында дәулетіне мастанған, өзінен өзгені ойламайтын байшігештердің астамшылығы мен жұмысшы үйінің бейшаралық халі айтылады:

 

Жүрген соң еркіңменен күнде тойлап,

Өзгені ойлармысың, Сарымойнақ.

 

Далбайсыз терезеден кірген аяз

Жүйткиді үй ішінде салып ойнақ[1156].

 

Бұл жоқ-жітігі мол, күйкі тіршіліктің бедерлі де ащы суреті.

Өндіріс қожалары жұмысшыларға көбінесе ақша орнына «ақ талон» беретін. Ақ талон өз қожасының лавкаларынан басқа жерге өтпейтін. Қоймада шіріп жатқан азық-түліктері мен өтпей жатқан бұйымдарды өткізудің бұл да бір табылған тәсілі еді. Біз бұл жайды сол ақ талон туралы жазылған өлеңдерден айқын көреміз. Соның бірінде:

 

 

Құрысын бүйтіп берген ақ талоны,

Ақ талон сор қайнатып, көп тонады.

Бір күнде бөгелнайын он өзгертсе,

Ақшамыз айлық алған жоқ болады[1157], –

 

деп, жұмысшылардың ақ талон арқылы тоналып жатқандығы суреттеледі. Күші қазандай қайнаса да, күресерге дәрмені жоқ, іштен тынып жүрген жұмысшыларға қожайындар ойына келгенін істейді. Жұмысшылардан пара алу подрядші, бақылаушылардың дағдылы ісіне айналады. Немков, Шоқыбас, Әбілдә, Шерияз сияқты подрядшілердің іс-әрекетін әшкерелеуге арналған мысқыл өлеңдер жұмысшылар қауымының қарсылығынан туады. Мысалы:

Бірге туған бауырыңды

Аямасқа жаралдың.

Ісі түскен адамнан

Кесек-кесек пара алдың,

Ағылшынмен бірлесіп

Штрафты және алдың[1158].

 

Қақабас образы жалпы қауымның қасы – қараниет подрядші біткеннің басындағы жайды бейнелейтін типтік образ. Өлеңдерде кездесетін Екібастұз жұмысшыларын қамшыменен қанын шығара жондап отырған қатал подрядшілер Әубәкір мен Әбділдәнің, Қарағандыдағы Шерияз бен Баяндының іс-әрекеттері де соған ұқсас.

Осындай күрес үстінде жұмысшылардың таптық ой-дүниесі ояна түседі. Енді олар жәй бағынып, әділетті «Тәңірдің» өзінен ғана тілеп отыра бермейтін болады. Ендігі туған өлең-жырларда уытты тілмен шенеу, әжуалау сарыны басымырақ бола береді.

 

Болыс, билер бірігіп,

Салықты баса салады.

Купи-суфи деп жүрген

Молда да зекет алады.

Ақырында, қожайын

Ақымыздан азғана

Кесіп-жонып қалады

Сүліктер солай сорады[1159].

 

Немесе «Бұл заман» деген басқа бір өлеңде:

 

Кедейде – құн, байда – ар

Бұл заманда қалмаған.

Ақысын жеп ғарыптың

Әбжыландай арбаған[1160], –

 

дейді.

Тап жігінің ашыла түсуімен байланысты бұл жырларда үстем тапқа қарсы сыншылық пікір ашыла, айқындала түседі.

Нижний-Тагильскіден келген Топорнин деген штейгерді мұрнының үлкендігіне қарап қазақ жұмысшылары «Қошқартұмсық» деп атаған, міне, сол Қошқартұмсық жиналған халыққа:

 

Айналды меншігіне жер мен суың,

Сусынға жоқшылықтың берген уын.

Сендерге шыңыраудан тас қаздырып

Маңына жиып алды елдің қуын.

Қалайша бұған сендер көнесіңдер?!

Көнсеңдер, көресіні көресіңдер.

Құр, бекер көнбістікке салынсаңдар,

Азапта көк жұлын боп өлесіңдер[1161], –

 

деп, қиянатшыл қорқаулардан кек алудың күресіне шақырады.

 

Жер асты байқағанға бейне тамұқ,

Ісіне жауыз байлар болған қанық.

Қоштады Қошқартұмсық сөзін айтқан

Қуандық, Қаракесек барша халық[1162], –

 

деген жолдардан күреске шақырушының пікірін қуаттаған халықты көреміз. Тағдырлас орыс, қазақ жұмыскерлері тізе қосып, бірігіп кетеді. Халық тілегін орындаудан бас тартқан қожайынның:

 

Талқандап дүние-мүлкін қолмен алды,

Бос қалды тас сарайы тақырланып[1163], –

 

деп, өлең ереуілге шыққан халықтың алғашқы адымы, бірінші жеңісін баяндаумен аяқталады. «Арғыннан Қаракесек, Қуандықты»[1164] деген басқа бір өлеңде: бір кездегі «Шет жерден жау келгенде қарсы тұрып», жетім-жесірдің талайын жұбатушы «Қаракесек, Қуандық елін» айтып, жер астында тұншықтырған Нілді жерін билеп-төстеуші ағылшын байының қараниет, қатыгездігі сыналады. Өлеңде:

 

Аты еді сол ағылшын – Белден мырза,

Мырзаны жаяу қуған ерге риза.

Ерімнің аты-жөнін сұрасаңыз,

Айтайын даңқы шыққан біздің қырда

Бірі оның Қошқартұмсық орыс тегі,

Әлімжан, Ағаламдай елдің бегі.

Бас қосып, сөйлескенде айтар сөзі

Намысын іздейтұғын елдің кегі[1165], –

 

делінеді. Елі үшін, езілгендер үшін Белден сияқты белді жуандардан қаймықпай, егес-тартысқа түскен ерлер есімін «Мақтансам мақтан етем осыларды» деп, кейінгілерге үлгі ете сөйлейді.

1905 жылғы Успен жұмысшыларының ереуіліне байланысты туған жырлардың қай-қайсында болмасын Қошқартұмсық бай-феодалдарға, капиталист-қожайындарға қарсы саналы күрескер ретінде көрсетіледі.

«Бұрынғы бірге жүрген достар қайда?»[1166] сияқты өлеңдер де тақырыптық, мотивтік жағынан жоғарыда айтылған өлеңдермен шендесіп, ұқсас болып келеді. Ереуілді ерлік күрес мәселесіне байланысты туған жұмысшы поэзиясында жұмысшылар талабына қарсы келіп, бөгет жасап отыратын екінші топ бар. Ол топ – қанаушы топ, үстем тап өкілдерінің тобы.

«Керек емес ақшаңыз»[1167], «Кәпірменен мұсылман деп келеді»[1168], «Ішкенім айран-шалап, тіккенім – қос»[1169] сияқты өлеңдерге шетел акционерлерін қолдап, халық қарсылығын әлсірету, олардың ұйымдасқан тобын ыдырату, іріткі салуды ойлаған жергілікті қазақтың бай-феодалдары мен қожа-молдаларының іс-әрекеті әшкереленеді.

Нілді жұмысшыларының тегеурініне төзе алмасын сезген Нельсон Филль Нілді болысын шақыртты[1170]. Нілді болысының беделді феодалдарының бірі Жамантықтың Ысқағына күніне 25 сом төлеп, ереуіл басталған күннен бастап 7 күн бойы жұмысшылар арасына бақылаушы, тәртіп орнатушы етіп тағайындады[1171]. Міндетіне алған шаруасын орындау жолында Ысқақ халыққа қатал келді. Бірін бауырласым, аталасым деп алдаса, көнбегендеріне күш көрсетті, қорқытты.

«Қыс болса, кірекештер киер ұйық» деген өлеңде сол Ысқақтың іс-әрекеті суреттеледі:

 

Қыс болса, кірекештер киер ұйық,

Ысқақжан, аталдың сен «қызыл жүйрік».

Сүйеніш арқа күзеу еткен сен де

«Тоқтат» – деп, төбелесті – бердің бұйрық.

Белденнен күніне алдың 25 сом,

Кигізді үстіңе арнап оқалы тон.

Басты жар, көзді шығар, қолды сындыр,

Бұл күнде, Ысқақ бауырым, айтқаның «жөн»[1172].

 

Қамкөңіл халықтың мүдде-мақсатын жеке басының қамына айырбастағандығын бетіне басады, қатал сынға алады.

Азаптан айықпаған халықтың жанына, жара жүрегіне дақ салған шетелдік қожайындардың қиянатшылдығы, жұмысшылардың оларға қарсылығы бұл дәуірдегі жұмысшы жырларының негізгі тақырыбы болды. «Боз атан, қара атанмен ауыр жүгің»[1173], «Өзім – шал, өзім – кәрі кәріп едім»[1174], «Екі айдай көмір тарттым қыстай жүріп»[1175], «Үсінді сол аяғым, мұжық болды»[1176] сияқты өлеңдерде мүгедегін сыртқа теуіп, дені сауына ақысының алдын беріп, артын соза, азын-аулақ – тиынмен тежеп, алдап-сулап қоя беретін қожайындардың қылмысты әрекеттері әшкереленеді.

Бұл дәуірдегі жұмысшы поэзиясынан ауыл адамдарының да ауыр халі аңғарылады. Ол жер мәселесімен байланысты баяндалады. Оған өлеңнің:

 

Айрылып атақоныс мекенінен

Бұл күнде қырдағы елден кетті-ау төзім, –

 

деген жолдарымен «Майтөбе»[1177], «Жайлауыңды жат алды»[1178] сияқты өлеңдерде столыпиндік реакция дәуіріндегі қоныс аудару саясатының халық басына түсірген ауыртпалығы айтылады:

 

Жайлауыңды жат алды,

Жат алмады – қас алды.

Сарыала шенді төрелер

Басқа алмады, сол алды.

Сол алмады – сор алды,

Жеріне қосып, мал алды.

Мал алмады – жан алды.

Өрісті жерден айрылып

Қанаты қалды қайрылып.

Қуандық пен Сүйіндік

Бүгінде, сөйтіп, тоналды.

Аққу ұшып, қаз қонған

Шұрайлы өлке – соны алды[1179].

Өлеңде халық қарсылығының тереңнен тебіндеген салмақты сыры байқалады.

Жерінен айрылған халық Столыпиннің өзіне шағымдар беріп, қоныс аудару саясатына қарсылықтарын айтып, келешекте тыйым салуын өтінді. Бірақ қарсыласқан халық қайырымсыз қатал жаза астында болды. Дегенмен бұлай жазалау да халық қарсылығына бөгет бола алмады. Оны сол дәуірдегі жұмысшылардың қиянатшыл өмірге қарғыс, лағнет айтқан көңілінен туған жырлары бейнелеп берді.

Ұзақ жылдар кернеген кек, ашу-ыза 1916 жылғы июнь жарлығына байланысты халықтың патша өкіметіне деген өшпенділігін, қарсылығын күшейте түсті.

Июнь жарлығы ауыл адамдары сияқты қазақ жұмысшыларын да қатты қатуландырды. «Суық сөз» деген өлеңде июнь жарлығын алғаш естіген күні жұмысшылар:

 

Халыққа қара түнек орнаған күн,

Қайғы-шер үсті-үстіне торлаған күн.

Қазақтан кісі алмақ боп соғысқа деп

Ақ патша – қара жылан арбаған күн.

Қайғымен қапа болған ата-ана

Күңіреніп күйзелумен зарлаған күн.

Суық сөз жоқшылықпен қабаттасып,

Дегбірі бүгінде елдің қалмаған күн.

Қайғылы қазақ үшін қаралы күн,

Оқ тиген өкпесіне жаралы күн.

Айрылған қозысынан боз саулықтай

Қан жұтқан ата-анаға азалы күн[1180], –

 

деп күңіренді.

Бұл дәуірде рубасыларына «қамқоршымыз», «жанашырымыз» деп қарайтын жұмысшылардың артта қалған тобының өзі де сенуді қояды.

 

Мал үшін арын сатқан болыс-биім,

Туысқан жақынына жат болғандай[1181].

 

Старшын, болыстар пара берген бай баласының орнына кедейлер жағының мосқалын «жасартып», жасын «ересектер» қатарына қосып, қара жұмысқа салды. «Бүгінде Құдай өзгерді» деген өлеңде старшын, болыстардың сол қылықтары ызғарлы мысқылмен сыналады:

 

Бүгінде Құдай өзгерді.

Өзгергенін көз көрді.

Артық айтып қайтейін

Керек емес жел сөзді.

Қырық бестен шегеріп

Отыз деген жас берді.

Атын айтып қайтейін

Досым емес қас берді.

Қас бермеді жат берді...[1182]

 

Окоп қазуға барудан бас тартқан жұмысшылар жұмысты тастап, бет-бетімен кетіп жатты.

«Түйенің көн терісі торсық болмас» деп басталатын өлеңде Қарағандының қандыауыз байы Баян мен жұмысшыларды әбжыландай арбаған подрядшінің әділетсіз әрекеттері сыналады.

Ал, кедейлердің кейбіреулері подрядшінің пара алуына да риза. Бірақ соған берері болмағанына қатты қынжылады:

 

Ойландым, алды-артымды шамаладым,

Кедейлік, он бес сомды таба алмадым.

Болса егер он бес сомым жанқалтамда,

Жұмыста Қарсақбайда қалар едім[1183].

 

Өндіріс орталықтарына шоғырланған қазақ жұмысшыларын қара жұмысқа алу үшін әр жерде әртүрлі әдістер қолданылды.

Қарағанды, Успен, Спас, Сарысу, Қарсақбай жұмысшыларын қара жұмысқа жіберу үшін алдын ала тізімдеп, оларды жұмысқа баруға үгіттеу, оған көнбесе, әкімшілік күшін қолдану тәсілі жүргізілсе, Екібастұз сияқты басқа өндіріс орындарында күні бұрын жасаған тізім бойынша полиция күшімен бір-ақ түнде жөнелту тәсілі жүргізілген. Бұл жайлар жүмысшылар арасында қоштасу түріндегі өлең-жырлардың мол дамуына себепші болды. Ол жырлардың көбі түр, өлеңдік құрылысы жағынан салт жырларына ұқсас. Мысалы, «Қош болып тұр, қайран, мекен – Екібас»[1184] деген өлеңде жұмысшы өзінің басынан кешкен өмірін есіне алады. Жұмыс істеген жерімен, өзі сияқты тас қазып, тамағын тапқан бақытсыз елімен қоштасады:

 

Қош болып тұр, пристаным істеген,

Шарап іш деп достар талай күштеген.

Бәстескенде жоғары алып шығушы ем

Қанар қапты аузыммен тістеген[1185].

 

Қарағанды, Успен, Спас, Сарысу, Қарсақбай кендерінің жұмысшылары қара жұмысқа барудан бас тартты. Сана-сезімі көтеріңкі алдыңғы қатарлы жұмысшы ақындар өздерінің өлең шығармалары арқылы патша өкіметінің бұл саясатын әшкерелеп, халықты қара жұмысқа барудан бас тартуға үндейді. Ең алғаш Қарағанды жұмысшыларынан қара жұмысқа кісі алу үшін старшын, болыстар келіп, мәжіліс өткізгенде Спас заводынан Бекмұхамбетов Еркеболат:

 

Қазақтан солдат алғаны –

Жауыз патша сасқаны.

Не десеңдер о деңдер

Біз білмейміз басқаны[1186], –

дейді.

Сол жерде жұмысшылар болыстан тізімді тартып алмақшы болады. Бірақ урядник, приставтардың ара түсуімен тізім жасаушы болыс аман құтылып кетеді[1187].

Бұл дәуірдегі жұмысшы поэзиясында революциялық мотив қалыптасып, өріс ала бастайды. Сол мотив қазақ жұмысшыларының ғана емес, ауыл кедейлерінің арасында да мол туып жатқан өлең-жырлардың өзекті желісі болып келеді. Мұндай жырлардың пайда болуына, біріншіден, қазақ халқының қанаушылыққа қарсы ерлік күресі мен әлеуметтік жағдайы себеп болса, екіншіден, орыс жұмысшыларының революциялық жырларының үлгі-өрнектері әсер етті. Тап тартысының әбден шиеленіскен кезеңі бұл дәуірде орыс халқының революциялық жырларынан қазақ халқы өз азабының шегін, арманының түйінін тапқандай болды. Сондықтан да қазақ жұмысшылары өздерімен тағдырлас орыс пролетариатының асыл мұрасы – халықаралық революциялық өлеңдерін қадыр тұтып, одан әсер алды. Әсіресе, қазақ жұмысшылары арасында «Марсельеза», «Варшавянка», «Смело, товарищи, в ногу», т.б. сияқты революциялық өлеңдер жиі тарай бастады. Бұл өлеңдерді қазақ жұмысшылары орыс жұмысшыларымен бірге орыс тілінде де, кейінірек өздері қазақ тілінде айтатын болды[1188]. Қазақ жұмысшыларының өз арасында да осы өлеңдермен үндес көтерілісшілдік сарында революциялық мотивті жырлар туып жатты.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 647; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.171 сек.